«Allur» зауыты – көлік құрастыратын еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Мұнда сұранысқа ие JAC, Chevrolet, Kia, Renault брендтері мен Lada, UAZ автокөліктерін, қала көшелерінен жиі көрінетін жап-жаңа SAZ автобустары құрастырылады.

22 жыл бұрын іске қосылған зауыт бүгінге дейін ірі машина жасауға дейінгі бірталай белесті бағындырған. Кәсіпорын – ұсақ торапты CKD әдісі бойынша машина құрастыруды меңгерген еліміздегі жалғыз автомобиль зауыты. Мұнда дәнекерлеу, бояу цехтары, ұсақ және ірі торапты құрастыру цехтары секілді жеті бірдей өндіріс алаңы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
Зауыттан шығатын автокөліктің «өмірге келу» циклі ең әуелі дәнекерлеу цехынан басталады. Бұл цехта көліктің негізгі қаңқасы жасалады. Одан кейін темір қаңқа лазерлік геометриялық тексеруден өтіп, 13 түрлі катофрезді ваннаның түбіне сүңгітіледі. Металл бұйымдарды бояудың алдында жасалатын ең сапалы антикоррозиялық өңдеу әдісі осылай жүзеге асырылады. Бояу цехынан шыққан шанақ автоматтандырылған құрастыру желісіне жөнелтіледі. Мұнда келген қаңқа қозғалмалы платформаның бойымен жылжи отырып, шанаққа қажет қондырғы бөлшектерді орнататын 36 бекеттен өткен соң толық автокөлік болып шыға келеді. Одан кейін дайын машина сынақтан және міндетті финалдық бақылаудан өтеді.
Жыл соңына қарай «Kia Sportage» және «Lada Granta» автомобильдерінің CKD-өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Зауыт басшыларының айтуынша, бұл – түбегейлі жаңа және жоғары технологияның ең соңғы мүмкіндіктеріне негізделген аса қуатты өндірістік желілер болмақ.
24 өндіріс бекетінен тұратын «Lada Granta» шығаруға арналған жаңа желіде бір ауысымда – 20, ал жылына 10 мың шанақ дәнекерленетін болады. Ал «Kia Sportage» желісіне автоматтандырылған 36 бекет қойылған. Мұнда жыл он екі ай ішінде 25 мың шанақ шығарылмақ. Жаңа желілерді жабдықтау жұмыстарына шетелдік мамандар да тартылған. Зауыт қабырғасында қазірдің өзінде аталған үлгідегі автомобильдерді CKD әдісімен құрастыру бойынша өндіріс қолға алынып, алғашқы машиналар шыға бастаған.
Қазір кәсіпорынның шанақтарды бояу цехында жаңаша бояу технологияларын игеру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар цехтың өндірістік қуатын арттыру мақсатында роботтандырылған бояу құрылғысы мен катафорезді қорғаныс желісі жаңартылып жатыр. Бұл жоба іске қосылса, шанақ дәнекерлеу цехының өзінде ғана 120 жаңа жұмыс орны пайда болмақ.
Қазақстандағы беделді зауыт біраз жылдан бері оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Қызығушылығы басым жастар зауытқа келіп, нақты өндіріс орнында тәжірибе ұштап, кәсіби дағды қалыптастырады. Компанияның алдағы жоспары – жастарды «Автомобиль жасау» мамандығы бойынша оқыту. Бұл білім алушылар үшін машина жасау саласындағы CKD-өндірісі технологияларын меңгеруіне жол ашатын мүмкіндік болмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!