Бір кездері «Бұлбұл құсым» әнімен көпшілікке танылған, ерекше дауысы бар әнші Нұржан Қалжан 10 жылдан астам уақыт сахнадан көрінбей кеткен. Өнер иесі осының себебін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Сахнадан көрінбей кетуінің себебінің бірі — 2009 жылы тележурналист досы Руслан Бөлебаймен бірге жол апатына түсуі. Көлікте болған Руслан мен Бауыржан деген музыкант қаза тапқан еді. Тек Нұржан ғана тірі қалған болатын. Одан кейін әкесі қайтыс болып, өнерден алшақтап кеткен. Сосын бірнеше жыл продюсері болған Қыдырәлі Болманмен де жолы екіге айырылады.

Мұның себебін ол «Еуразия» арнасындағы «Көреміз ғой» бағдарламасында айтты.

Келіспеушіліктер болды. Содан кетуге мәжбүр болдым. Рахметімді айтып, өз жолыммен жүре берейін дедім. Бұл шығармашылық емес, екеуара келіспеушілік. Ақшаның мәселесі ғой,

— дейді әнші.

Продюсерден кеткен соң, Нұржан Қалжан біраз кедергілерге тап болған. Мысалы, радиоға барғанда өзін елге танытқан «Бұлбұл құсым» әнін эфирден өткізбеген. Өйткені «жоғары жақтан қосылмайтындай етілген» көрінеді.

Бірақ Қыдырәлі Болманов Нұржанның алдынан көлдеңең тұрған емеспін деп отыр.

Ешқандай жерге хат жазып, шектеу қой деген емеспін. Өйткені оның әндерінің барлық қаражатын мен төледім. Мен оған ешқандай ақшамды қайтар демедім. Әйтпесе, өте көп ақшамды жұмсадым. Әрі қарай жұмыс істеудің мәнісі жоқ екенін түсініп, қоя салдым,

— дейді ол.

Продюсер әншіден кеткен шығындарды талап етпедім, тек ақылымды айттым деп отыр.

Фитнеске барып, денеңді жаттықтыр, сымбатты бол. Ағылшын тілін оқы. Өзім төлеп берейін дедім. Бірақ орындаған жоқ. Ер адам болған соң көзінде от болып тұруы керек сахнада,

— дейді Қыдырәлі Болманов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!