Бүгін Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығы жанындағы «Әкелер кеңесінің» отырысы өтті.

Маңызды басқосуда отбасы институтын және әкелердің отбасылық тәрбие берудегі рөлін нығайту мәселесі талқыланды.

Жиынға құрылысшы, көпбалалы әке, тоғызқұмалақтан 3 дүркін әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Хакімжан Елеусіновты тәрбиелеген әке Мектепхан Елеусінов, ҚМДБ-ның Сыр өңірі бойынша бас имамы Болатбек Абуов, көпбалалы әке, журналист, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Дәурен Сейітжанұлы мен «Қамқорлық» дағдарыс орталығының басшысы Жандос Тусмагамбетов қатысты.

Отырыста Мектепхан Елеусінов баласының биікті бағындыруында әкенің орны барын баса айтты. Бас имам Болатбек Абуов «тәрбие» сөзі араб тілінен аударғанда, «көктету, өсіру, жетілдіру» деген ұғымды береді, яғни, сәбидің болашағы осы алған тәрбиесіне тікелей қатысты боларын, сондықтан бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарау қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар»Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары, 6 баланың әкесі Дәурен Омаров бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер азаматсың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отыру маңызды екенін еске салды. Ал, Жандос Тұсмағамбетов үлгілі отбасы болып қалыптасу үшін тәрбиенің орны жоғары екенін тілге тиек етті және отбасындағы барлық мәселенің алдын алуда түсіністік керек екенін айтты.

Шарада «Әкелер кеңесінің» төрағасы Гани Байулов қорытынды сөз сөйлеп, кеңестің мән-маңызын, мақсат-міндетін тарқатты.

«Әкесіз ұл – шатырсыз үй. Сондықтанда әке мәртебесін көтеру, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін күшейту мәселесі күн тәртібінен түспейді. Жастар осындай тағылымды шаралардан ой түйіп, айтары бар, қоғамда өзіндік орнын қалыптастырған азаматтардың тәліміне сусындауы тиіс», – деді төраға.