«QOSYL» қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Бауыржан Момышұлы атамыздың мемориалдық мұражайына онлайын экскурсия өткізілді. Тікелей эфирге 300-ге жуық мектеп оқушылары мен қала жастары қамтылды.

Бауыржан Момышұлы мемориалдық мұражайы Жуалы ауданы Ақсай округінің Қайрат ауылында орналасқан. 1990 жылы алғаш қабырғасы қаланған мұражай, 1995 жылы 5 мамыр күні салтанатты түрде ашылып, халыққа қызмет ете бастаған.

Экскурсия барысында жастар Бауыржан Момышұлының суреттерінен жасалған фото коллаждар (балалық шағы, әскери өмірі, шығармашылықпен айналысқан кезі, отбасы туралы) әскери киімі, гвардиялық белгісі, белдігі, бейбіт кезде киген киімі, пайдаланған заттары (электр сақал алғышы, бет сүлгісі, тамақ ішкен кесесі, күміс қасықтары мен шанышқысы, қымыз, шұбат, сусын құятын ағаш тостағаны, ағаш қасығы мен ағаш ожауы, шәй қасығы) өз қолымен ойған оюлы-альбомдары, алған Құрмет грамотасы, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы жарлық, «Ғасыр саңлағы», «Ғасыр қаһарманы» атағы берілгендігі туралы құжаттары, домбырасы, жатқан төсегі, жұмыс бөлмесіндегі заттары, кітаптары, сағаты мен тамақ ішкен ыдыстары т.б. заттарын көзбен көріп, батыр атамыз туралы көкейлерінде жүрген сұрақтарымен бөлісіп, ұтымды жауап ала алды.

Бауыржан атамыз «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық!» деген. Бауыржандай батыр аталарымызды мақтаныш қылып, үлгі ету бізге парыз, абыройлы міндет.

Бекен Ғалымжанұлы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!