Ресей мен Украина арасын­дағы қақтығыс сан саланың тоқырауына әкелгені шындық. Тіпті, санкцияның салдарынан танымал голливудтық киностудиялар Ресей нарығынан кетіп, көптеген шетелдік кинотуындылардың көрсетілімі мен орыс тіліндегі дубляж тоқтатылды. Қазақстандағы көрермен де келеңсіздікке ұшырап, орыс тіліндегі аударманың салқыны байқалғаны бар. Елдегі компаниялар кей шетелдік киноларды Ресей нарығы арқылы алатыны, орыс тіліндегі дубляждың басым денін көрші ел жасайтынын ескерсек, бұл қалыпты құбылыс еді.

Содан болар, кинотеатрлардың жұмысынан шикілік шықты. Көбі жұмысын тоқтататынын мәлімдесе, кейбірі тек қазақ фильмдерінің көрсетілімі жүретінін жеткізген. Алайда үкімет пен кәсіпкерлер осындай қысылтаяң шақта оңтайлы жол тауып,  голливудтық студиялардың қазақ және орыс тіліндегі дубляжын өзімізде жасауға көндірді. Нәтижесінде аз уақытта үлкен жүкті арқалаған жобалар қолға алынып, жаңа фильмдерді тәржімалау, дыбыстау жұмысы басталды.

Жалпы сапалы дубляж аударманың сапасы, тіл тазалығы, актердің шеберлігіне тікелей қатысты. Бұл тұрғыда қазақ дубляжының өзіндік жолы мен мектебі қалыптасқанын айта кету жөн. Бүгінде театр және кино мамандарының  үлес қосуымен көптеген кино өнімдері жоғары деңгейде дубляждалғанын білеміз. Анимациялық туындылар да қатарға қосылып, сапа көрсеткіші едәуір артқан. Бұл – сапаға қатысты баға.

Дегенмен саланың кем-кетігі де жетерлік.  Әсіресе, шетелден келетін фильмдердің аударма сапасы мен дауысы ерекше мамандарды табу ісі ақсап тұр. Мұны дубляж режиссері Гүлназид Омарованың отандық БАҚ-та жарияланған пікірінен аңғару қиын емес.

– Қазір шетелдік киноларды дыбыстауға қатысты тиісті келіссөздер жүріп жатыр. Әзірге өзіміздің фильмдермен жұмыс істеудеміз. Егер голливудтық кинолар келетін болса, ең әуелі мәтінін орыс тіліне, содан соң қазақ тіліне аударудан бастаймыз. Одан соң кәсіби дыбыстау басталады. Әрине, сапалы дубляж жасау қаржыға да байланысты. Оның үстіне фильмдерді де тез арада әзірлеу қажет. Мәселен, қазір бізде бір киноға 3 ай қажет. Ал Ресейде дубляж 5 күнге ғана созылады.

Тағы бір маңызды мәселе – ол мәтін аудармасы. Жасыратыны жоқ, көбіне қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылатындықтан, сөйлемнің мағынасы бұзылып, мүлдем түсініксіз сөздерді естіп жатамыз, – дейді маман.

Расында, Ресейде жұмысын тоқтатқан шетелдік киноиндустриядағы атақты компаниялар Қазақстанмен жұмыс істеуге ниет білдірген. Тіпті болашақта қазақстандық актерлар дубляждаған Голливудтың ірі бес киностудиясының туындылары жарық көреді деген жоспар да бар. Бұл орайда Мәдениет және спорт министрлігі келіссөз жүргізуде. Яғни, Тор, Өрмекші адам, секілді танымал кейіпкерлер тағы да қазақша дыбысталады деген сөз.

Осы орайда Ұлттық арнаның диструбиция және сатып алу бөлімінің басшысы Жахина Сәнгерімнің дубляж үдерісінің даму ерекшелігі мен артықшылығы туралы пікірін қосу маңызды секілді. Маман саладағы олқылық пен жұмыс барысын дөп басып айту арқылы келешекте туындайтын мәселелерді назардан тыс қалдырмайды.

«Әр ел үлкен экранға шығатын кинотуындыларды өз тіліне аударып, дубляж жасайды. Мысалы, Ресей, Қытай, Франция, Жапония тағы басқа елдер, дубляждалған нұсқасы толық жоғары сапамен орындалмағанша экранға бермейді, тіпті тұсаукесер датасын кешіктіру де мүмкін. Дубляжға келетін болсақ, ол – үлкен жұмыс, бір фильмнің артында кемінде 35 адамның еңбегі бар, ал алып студиялардың фильмдеріне келсек, бұл сан екі есе өседі, себебі олар сапаны бақылау мақсатында аударманы, актерлердің дауысын, музыканы, өлеңді қалай орындағандарын бекітеді.

Келешекте аудармашылар, театр актерлерінің, дыбыс режиссерлерінің тапшылығы болуы мүмкін, бірақ бұл, даусыз, қазақ тіліне дубляждау сапасын арттырады, білікті мамандарды біріктіреді және қазіргі түйткілерді шешудің жолы екені анық», – дейді сала маманы.

5-10 жыл бұрын «Неліктен қазақша дыбысталған фильмдер аз?» деген сауалға «Қазақша фильмге сұраныс аз» деген сыңайдағы пікір тарағанын білеміз. Сол кезде қоғам белсенділері мен халық мұндай ойдың жансақ  екенін айтып, қазақша кино көргісі келетін көрермен көптігін жеткізген болатын. Содан бері отандық кинонарықта қазақтілді фильмдердің қатары артып қана қоймай, шетелдік фильмдердің қазақша дыбысталған нұсқасына сұраныс арта түсті. Қазіргі жағдай одан да жақсарған, сұраныс жоғары. Тіпті қоғамдық ұйымдар қазақ тілінің кино әлеміндегі орнын нығайтуға еңбек етуде. Мәселен, QazaqshaJaz қозғалысы шетел фильмдерін қазақша дыбыстауды талап етіп, петиция жариялады. Қозғалыс белсенділері фильмдердің сапасыз қазақша субтитріне наразы.

 «Бүгінде «Кинематография туралы» Заңның 9-бабында «…фильмдерге қазақ тілінде дубляж не субтитр жасалып, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуі тиіс» деген талап бар. Жоғарыда көрсетілген бап таңдау беріп тұр, ал дистрибьютордың дубляж, субтитр мен кадр сыртындағы аударма үшеуінің арасынан субтитрді таңдайтыны айдан анық. Ол дистрибьюторға қаражат үнемдеуге мүмкіндік берсе де, қазақ тілінің ахуалын жақсартуға үлес қосуы екіталай. Осыған дейін мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында кинотеатрда көрсетілген фильмдер қазақ тілінде субтитрленіп келсе де, ол қазақтілді көрерменді қанағаттандырмайтыны анықталды» – дейді қозғалыс белсенділері.

Петиция авторлары соңғы жылдары қазақша дубляждалған санаулы туындының көрермен ықыласына бөленгенін атап өткен. Әсіресе, «Жан», «Энканто» және «Лука» атты фильмдердің қазақша дыбысталған нұсқасы көрермен көңіленен шығып, ондағы қазақша саундтректер әлеуметтік желіде трендке айналған екен. Сондықтан белсенділер сұраныс жоғары екенін, әрбір көрерменнің Дүниежүзілік кинематографты ана тілінде көруге құқылы екенін айтуда.

Берен ШАҒЫРОВ